Павлодарда Наум Шафердің өнері насихатталды
Жиында коллекционердің күйтабақтары тыңдалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Достық үйінде Наум Шафер мұражайы мен Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында Павлодар облысының Құрметті азаматы, Инновациялық Еуразия университетінің құрметті профессоры, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, композитор, музыкатанушы, әдебиеттанушы, күйтабақтардың сирек коллекциясын жинақтаушы Наум Шаферді еске алу кеші өтті.
Жиын барысында қаланың бірнеше мектебінен келген оқушылар коллекционердің күйтаспаларын патефон арқылы тыңдауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, мектеп оқушыларына профессордың өмірбаяны айтылды.
– Шафер Қазақстанға жер аударған кезде қолында 30 күйтабақ ғана болған еді. Ол жылдар бойы жинаған тарихи мұраларын павлодарлықтарға арнап, артынан 27 мыңға жуық күйтабақ тастап кетті. Оны көршілес елдер түрлі ұсыныстармен шақырса да, ол өзінің нағыз патриот екенін көрсетіп, Павлодардан аттап баспаған, – дейді Шафер музейінің басшысы Мағзия Әбенова.
Музей басшының айтуынша, аталмыш көрме – лекция алғаш рет ұйымдастырылуда. Музей басшылығы Аналар кеңесімен меморандумға қол қойып, осы сынды шараларды ұйымдастыруға бел буған.
Айта кету керек, іс-шара төрт күнге жалғаспақ. Дәлірек айтқанда, сәуірдің 3, 4, 5-і күндері сағат 15:00-ден 16:00-ге дейін ұйымдастырылады.