Баянауылда «Көне Көктау оттары» кітабының тұсаукесері өтті
Баянауыл ауданында өлкетанушы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторы Алтынбек Құрмановтың «Көне Көктау оттары» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір тарихы мен рухани мұрасын насихаттауға арналған еңбек Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен жарық көрді. Тұсаукесер рәсіміне зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, мәдениет қызметкерлері, жастар мен аудан тұрғындары қатысты.
Автордың айтуынша, кітапта Баянауыл өңірінің тарихы, елге қызмет еткен тұлғалардың өмір жолы, ұлттық құндылықтар мен киелі орындар туралы тың деректер жинақталған.
– Бұған дейін көптеген материалдар газет беттерінде жарияланып, уақыт өте келе қолжетімсіз болып қалатын. Осы құнды мұраны сақтап, бір жинаққа топтастыруға облыс әкімі Асайын Байханов қолдау көрсетті. Кітапта халқына адал қызмет еткен азаматтардың тағдыры мен еңбегі қамтылды. «Көне Көктау оттары» атауын бекер таңдаған жоқпын. От – бабаларымыздың жүрегіндегі елге деген сүйіспеншіліктің, рухтың символы. Еңбекте Бұқар жырау мен Абылай хан дәуірінен бастап, өңір тарихында із қалдырған билер, ғұламалар мен қайраткерлер туралы деректер берілген, – деді Алтынбек Құрманов.
Кітапта қазақтың көрнекті ойшылы әрі ағартушысы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, археолог-ғалым Әлкей Марғұлан және Баянауыл өңірінен шыққан басқа да тарихи тұлғалардың өмірі мен мұрасы кеңінен баяндалады. Сонымен қатар қасиетті жерлер, діни-ағартушылық дәстүрлер және ел жадында сақталған тарихи оқиғалар қамтылған.
Жинақта Баянауыл өңірінің шежіресі мен рухани тарихына қатысты сирек кездесетін мәліметтер топтастырылып, өлкенің мәдени мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсаты көзделген.
Шара барысында қатысушылар жаңа кітаптың өлкетану саласындағы маңызды еңбек екенін атап өтіп, оның жас ұрпақтың туған жер тарихын тануына және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосатынын жеткізді.
«Көне Көктау оттары» кітабы өңірдің тарихи жадын жаңғыртып, Баянауылдың бай рухани мұрасын насихаттайтын құнды басылымдардың қатарына қосылды.