Павлодар облысынан Жазушылар одағына тағы бір қаламгер мүшелікке қабылданды
Қаламгерді филиал директоры Жарқынбек Амантайұлы құттықтап, таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жазушы, ақын, журналист, қоғам белсендісі Александр Вервекин Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.
Одақтың Павлодар облыстық филиалының директоры Жарқынбек Амантайұлы бұған дейін одақта өңіріміздің 23 қаламгері болғанын атап өтті.
- Бүгін қатарымыз тағы бір қаламгермен толықты. Александр мырза – елімізге танылып үлгерген қалам иесі, бірнеше кітаптың авторы. Өлең, әңгіме жазумен қатар, драматургия жанрында қалам тербеп, өлкетану бағытында да еңбектеніп келеді. Өңірімізде Жағрапия үйін ашып, жүйелі жұмыс жасауда, - деді Жарқынбек Амантайұлы.
Жиынға қатысушы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Ғалымбек Жұматов, Шолпан Байғалы қатар толықтырған қаламгерге шығармашылық табыс тіледі.
- Әдебиетте өнімді еңбек еткен алдыңғы толқын ағалардың ізімен еліміздегі ең беделді әрі құрметті шығармашылық ұйымның мүшесі атану – мен үшін үлкен мәртебе. Өзіме жүктелген сенімді молынан ақтап, оқырманды жаңа туындылармен қуанта беремін деген сенімдемін, - деді өз сөзінде Александр Вервекин.
Сондай-ақ қаламгер филиал кеңсесінің кітапханасына кітаптарын тарту етті.
Жиынға, сонымен бірге, ақындар Алпысбай Хонж, Еламан Қабділәшім, Илья Олегович, Виталий Головенко, Вадим Бердников қатысып, орыс тілді авторлар мен қазақ қаламгерлерінің шығармашылық байланысы туралы пікір алмасты.
Фото: Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалы