Екібастұзда футбол маусымы ашылды

Екібастұзда футбол маусымы ашылды

Өкінішке орай, жергілікті клуб жанкүйерлерін қуанта алмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Матч хаттамасына сенсек, Бірінші лиганың бірінші ойнын көруге 1200 екібастұздық жиналды. Команда өзінің «Шахтер» стадионында дивизионның азулы ұжымдарының бірі – Оралдың «Ақжайығын» қабылдады.

Батысқазақстандықтар «Екібастұзға» қарағанда басымырақ көрінді, гол соғатын мүмкіндіктерді де көбірек ұйымдастырды. Соның арқасында қонақтар «Ақсудың» фарм-клубы болып табылатын Виталий Спарышев шәкірттерін оңай ұтты. Қорытынды есеп – 3:1.

- Футбол маусымының ашылуымен құттықтаймын, - деді матчтан кейін команда бас бапкері Виталий Спарышев. – Бүгін жақсы ойын болды. Қарсылас көп жылдар бойы Премьер-лигада ойнады. Сол себепті оның шеберлігі жоғарырақ болды. Таблодағы есеп соның айғағы. Алайда біздің де мұңаятын жайымыз жоқ: командамызда болашағынан үміт күттіретін жігіттер баршылық. Әрбір матчта тырысып ойнаймыз.

Айта кетейік, ұрымтал сәттердің көптігіне қарамастан, бұл матчта «Ақжайық» сапында ойнайтын Павлодар футболының түлегі Арман Смайылов гол соға алмады.

«Екібастұз» Бірінші лига аясындағы кезекті матчын 21-22 сәуірде өткізеді. Онда ол елордада «Астана» жастарымен күш сынасады.

Фото: «Екібастұз» ФК