Павлодарда энергетика саласының 100 жас маманы бас қосты

Павлодарда энергетика саласының 100 жас маманы бас қосты
Фото: Есенжол Исабек

Өңірде энергетика саласының жас мамандарына арналған «Серпін. Қуат. Өмір» атты алғашқы форум өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Достық үйінде ұйымдастырылған шараға өңірдің энергетика кәсіпорындарында еңбек етіп жүрген және осы салада білім алып жатқан 100-ге жуық жас маман жиналды. Форумға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «Павлодарэнерго» АҚ басшылығы, облыс әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ Астана мен Петропавл қалаларынан келген жас энергетиктер қатысты.

Шара барысында облыс әкімі Асайын Байханов Павлодардың еліміздің энергетикалық және индустриялық дамуындағы рөліне тоқталды.

– Павлодар облысы еліміздің индустриялық орталығы болып табылады. Біз электр энергиясының 42 пайызын өндіреміз. Павлодар облысында елімізде өндірілетін көмірдің 60 пайыздан астамы өндіріледі. Ол көмір Петропавлда, Астанада, энергетикалық станцияларда, сондай-ақ Ресейде, Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде де пайдаланылады, – деді облыс әкімі.

Өңірдегі өнеркәсіптің негізгі қозғаушы күштерінің бірі де – энергетика саласы. Облыста 750 мыңға жуық адам тұрады, оның 405 мыңы жұмыспен қамтылған. Ал шамамен 168 мың адам өнеркәсіпте еңбек етеді. Оның едәуір бөлігі энергетика секторына тиесілі.

– Энергетика – бұл тек бүгінгі күннің мәселесі емес. Өткеніміз бен болашағымыз да энергетикамен тығыз байланысты. Шын мәнінде, энергетика – бүкіл әлем сүйеніп отырған негізгі салалардың бірі, – деді ол. Энергетика саласының болашағы бар ма?» деп сұрақ қоятын болса, ең жоғарғы болашақ, ең жоғарғы сұраныс – ол, әрине, энергетика саласында дер едім, – дейді Асайын Байханов.

Форумда «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемель де жас мамандарға үндеу жасады.

Оның айтуынша, бүгінгі энергетика саласы қарқынды өзгеріп жатыр. Сондықтан кәсіпорындарға кәсіби білімімен қатар, жаңа технологияларды меңгерген, цифрлық дағдылары бар және стандарттан тыс ойлай алатын мамандар қажет.

– Форумға біздің кәсіпорынды қазір жақсартып жүргендер және болашақта бізде жұмыс істеуді жоспарлап отырғандар – бейінді оқу орындарының студенттері жиналды. Энергетика қазір өте жылдам өзгеріп жатыр. Бізге сіздердің идеяларыңыз, стандарттан тыс ойлау қабілеттеріңіз, цифрлық дағдыларыңыз қажет, – деді Олег Щемель. – Біз сіздерден тек жұмысты ғана күтпейміз, сіздердің әлеуеттеріңізге инвестиция салуға дайынбыз. Энергетика – елдің іргетасы. Ал ертең бұл іргетастың қандай болатынын сіздер шешесіздер. Сондықтан талпыныңыздар, дамыңыздар, пікірталасқа қатысыңыздар, өздеріңізді көрсетіңіздер, – деді «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры.

Форумның маңызды бөлігі –  жас энергетиктердің облыс әкімімен ашық сұрақ-жауап форматындағы кездесуі болды.

Турбиналық цех машинисі Арсен Төлеу әкімге: «Егер уақытты 18 жылға кері қайтара алсаңыз, энергетика саласын таңдар ма едіңіз?» деген сауал қойды.

– Мен өтірік айтқанды ұнатпаймын, бірақ қазір жүріп өткен жолымды өзгертер едім деп ойламаймын. Оның ішінде ащысы да, тұщысы да болды, қиындықтар да көп болды. Бірақ өмірлік тәжірибе берді. Мен 1994 жылы ауылда өскен баламын. Ауылда энергетика саласы десек, КТП-ны ғана көрген шығармын. Шынымды айтсам, энергетика саласын сол кезде білген болсам, мүмкін таңдар едім. Онда қазір үлкен бір кәсіпорынды басқарып отырар едім, – деп әзілдеді облыс әкімі.

Жас мамандардың бірі облыста жаңа жылу-электр орталығын салу жоспарына қатысты сұрақ қойды. Асайын Байханов Павлодарға жаңа ЖЭО қажет екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, бұған қаланың дамуы, тұрғындар санының және тұрғын үй құрылысының өсуі себеп болып отыр. Қазір Павлодар облысында жыл сайын шамамен 400 мың шаршы метр тұрғын үй салынады.

Алдын ала жоспар бойынша ЖЭО-4 Алюминий зауыты мен полигон арасындағы аумақта орналасуы мүмкін. Қазіргі уақытта жоба бойынша Қытайдың екі ірі компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Жоспарға сәйкес, жаңа ЖЭО құрылысы 2030 жылдан кешіктірілмей басталуы мүмкін. Станцияның электр энергиясын өндіру қуаты кемінде 500 мегаватт, ал жылу өндіру қуаты шамамен 1000 Гкал болуы көзделіп отыр.

Дегенмен жаңа станцияның қажеттілігі өңірге магистральдық газдың келуіне де байланысты.

Облыс әкімі «Газпроммен» қол жеткізілген келісімге сәйкес, 2029 жылы Павлодарға магистральдық газ құбырының келуі жоспарланып отырғанын айтты. Егер газ жобасы уақытында жүзеге асса, өнеркәсіптің бір бөлігін, жеке секторды және жергілікті қазандықтарды кезең-кезеңімен газға ауыстыруға мүмкіндік туады.

Ал газ жеткізу мерзімінде кідіріс болса, Павлодар үшін ЖЭО-4 салу қажеттілігі сақталады.

Форумда жас мамандарды өңірде ұстап қалу мәселесіне де ерекше мән берілді.

Асайын Байхановтың айтуынша, Павлодар облысы үшін адам капиталының маңызы зор. Сондықтан білікті жастардың өңірде қалып, еңбек етуіне жағдай жасау – негізгі міндеттердің бірі.

Әкім жастардың өңірде жұмыс істеп қана қоймай, осында отбасын құрып, өз болашағын Павлодар облысымен байланыстыруы үшін қолайлы жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.

Оның пікірінше, технология қанша дамыса да, кез келген саланың негізгі қозғаушы күші –  адам.

«Серпін. Қуат. Өмір» форумы осындай пікір алмасу алаңына айналып, жас энергетиктерге сала мамандарымен тәжірибе бөлісуге, өздерін толғандырған сұрақтарды қоюға және энергетиканың болашағына қатысты пікірлерін білдіруге мүмкіндік берді.