Павлодардағы апатты үйдің тұрғындарына уақытша баспана беріледі

Павлодардағы апатты үйдің тұрғындарына уақытша баспана беріледі
Фото: ӨКҚ

Әкімдік тұрғындарға үш бөлемелі уақытша пәтер ұсынуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева мәлім етті.  

– Бірінші кезекте Центральная көшесі, 6 мекенжайы бойынша, яғни 24 пәтерлік ғимараттың тұрғындарын қоныстандырамыз. Бұл жерде қабырғалар мен шатырдың құлау қаупі бар. Жерді алу бойынша рәсімдер аяқталғанға дейін адамдарды уақытша жалға берілетін баспанаға орналастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Светлана Гладышева. 

Павлодарлықтар мемлекет есебінен жалдамалы пәтерлерде тұратын болады. Ол үшін төтенше жағдай резервінен қаражат бөлінді. Құзырлы органдар мердігер компаниямен 24 үш бөлмелі пәтер беру туралы келісімге келген. Ғимаратты мемлекет мұқтажы үшін қайтарып алу рәсімдері аяқталғаннан кейін алтыншы ғимараттың тұрғындарына таңдау беріледі: не пәтерлері үшін ақшалай өтемақы алу, не баламалы баспанаға көшу. 

Қалған апатты жағдайдағы Центральная көшесі, 2 және 8 үйлердің тұрғындары әзірге өз пәтерлерінде қалды. Қала билігінің айтуынша, ондағы жағдай соншалықты ауыр емес. Бұл учаскелерді қосымша тексеруден кейін билік үйлерді сақтау немесе адамдарды қоныстандыру туралы шешім қабылдайды.

Тұрғындар қоныс аудару туралы хабарлама алған. Соңғы мерзім - 16 қазан. Осыдан кейін үйдегі тоқ сөндіріліп, кіреберіс пен терезелер жабылады. 

Центральная көшесі, 6 мекенжайындағы үйде 80 адам тұрды, оның ішінде 17-сі – балалар. Қалған апатты үйлерде 150 адам тұрып жатыр.

Еске сала кетейік, Центральная көшесіндегі үш үй апаттық болып тіркелді.