Павлодарда Ертіс жайылмасын өртейтіндерге бақылау күшейеді
Шаруалардың мұндай іс-әрекеттері өңір табиғатына айтарлықтай зиян келтіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі өткізген аппараттық жиында Ертіс өзенінің жайылма аумақтарындағы шөпті әдейі өртеу мәселесі талқыланды. Аймақ басшысы бұл мәселе өңірде ондаған жылдар бойы қайталанып келе жатқанын атап өтті.
– Бұл – жыл сайын қайталанатын мәселе. Өкінішке қарай, өңірде жайылма аумақтарын өртейтін санасыз тұрғындар бар. Мұндай жағдай әдетте сәуір айының алғашқы күндерінен бастап, жоғарыдағы су қоймаларынан үлкен судың келуіне дейін жалғасады. Көбіне жер пайдаланушылар ескі шөпті жою үшін жайылманы әдейі өртейді. Алайда мұндай әрекет топырақтағы микроорганизмдерге, құстардың ұяларына, балықтардың шабақтарына және жалпы табиғи экожүйеге үлкен зиян келтіреді, – деді Асайын Байханов.
Осыған байланысты өңір басшысы құқық қорғау органдарына және төтенше жағдайлар қызметіне жайылма аумақтарындағы бақылауды күшейтуді тапсырды. Әсіресе облыс орталығының маңындағы учаскелер тұрақты бақылауда болады.
Ауылдық аудандардың ішінде бұл құбылыс Ақтоғай және Железин аудандарында жиі кездеседі. Бұған да өңір басшысы ерекше назар аударды. Қадағалау жұмыстарына ұшқышсыз ұшу аппараттарын тарту жоспарланып отыр.