Павлодарда кәсіпкер көру қабілеті нашар балаларды қуантты
Облыстық кәсіпкерлер палатасына «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ облыстық филиалы хат жолдаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, бірлестік көру қабілеті бойынша есепте тұрған балаларға жаңа жылдық сыйлықтар алуға көмек сұраған.
Қоғамдық бірлестік демеушілердің көмегімен бірінші, екінші және үшінші топтағы есепте тұрған, мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалар үшін мереке ұйымдастырды.
– «Атамекен» палатасы кәсіпкер, өңірлік кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, «Кәусар» ЖК басшысы Айдар Құрымбаевқа өтініш жолданды. Ол 27 тәтті-дәмді сатып алып, тегін сыйға тартты, – деді палатаның директоры Ерқанат Әбенов.
Дәмді сыйлықты тапсыру рәсімі соқырлар қоғамының кеңсесінде өтті. Көру қабілеті нашар жандарға жылулық көрсеткен «Кәусар» ЖК қоғамдық ұйымның Алғыс хатымен марапатталды.