Павлодарда «AMANAT» партиясы өңірді дамытудың жаңа бағыттарын айқындады

Павлодарда «AMANAT» партиясы өңірді дамытудың жаңа бағыттарын айқындады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Партияның облыстық филиалында Саяси кеңес Бюросы мен депутаттық фракциясының бірлескен отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жиын барысында партиялық қызметтің ең өзекті мәселелері мен алдағы кезеңге арналған стратегиялық жұмыс бағыттары жан-жақты талқыланды.

– Күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі ретінде Жаңа Конституция жобасы қарастырылды. Қатысушылар бұл реформаның маңыздылығын алға тартып, халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Әсіресе, ашық диалог орнату мен қоғамды осы өзгерістерді талқылау үдерісіне белсенді тарту мәселесіне басымдық берілді, – «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Отырыста депутаттық қызметтің есебі де тыңдалды. Халық қалаулылары Мирас Хамитов пен Айдар Құрымбаев сайлаушылармен кері байланыс орнату, әлеуметтік маңызы бар түйткілдерді шешу және партиялық бастамаларды ілгерілету бойынша атқарылған істерді баяндап берді.

Сонымен қатар 2023–2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасының қорытындылары сараланды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар әлеуметтік-экономикалық жобалардың сәтті жүзеге асып жатқаны атап өтілді.

Ұйымдастырушылық мәселелерге келсек, 2026 жылға арналған өңірлік кеңестер төрағалары қайта бекітіліп, олардың жұмыс жоспарлары мен жаңартылған құрамдары мақұлданды. Бұл қадам партия құрылымдарының жұмысына жаңа леп бермек.

– Жиынның тағы бір маңызды жаңалығы – Павлодар облыстық филиалы жанынан арнайы жобалық кеңсе құру туралы шешім болды. Жаңа құрылым партиялық бастамаларды үйлестіруді күшейтіп, жобалардың тиімділігін арттыруға және қоғаммен тығыз байланыс орнатуға септігін тигізеді деп күтілуде, – делінген хабарламада.

Бұған қоса, партиялық жобаларға амбассадор ретінде бекітілген депутаттық фракция мүшелері де анықталды. Бұл бастама жобалардың қоғамдық кеңістікте танымалдылығын арттырып, олардың нәтижелі болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жиын соңында қатысушылар халықпен кері байланысты нығайту және партияның негізгі бастамаларын ақпараттық сүйемелдеу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға уағдаласты.