Павлодарда медицина саласының ардагерлері құрметтелді

Павлодарда медицина саласының ардагерлері құрметтелді
Фото: Айбек Жуматов

Марапаттарды «Саламатты Павлодар» медициналық қауымдастығының төрайымы Гүлнар Сейітқазинова табыстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қоғамдық бірлестік жетекшісі облыстық перинаталдық орталыққа барып, ұжыммен кездесті.

– Орталық қабырғаларында болуға әрдайым қуаныштымын, себебі педиатрия мен акушер-гинекология – бір-бірімен тығыз байланысты салалар. Зейнет жасында болсаңыздар да, еңбек етіп, өз тәжірибелеріңізбен бөлісіп, қоғамға пайда тигізіп жүргендеріңіз қуантады, – деді Гүлнар Сейітқазинова.

Ол «Еңбек ардагері» медалін аймақта босандыру ісі бойынша үйлестіруші Любовь Ходыреваға, клиникалық-диагностикалық бөлім меңгерушісі Елена Захарьянға, провизор Марина Тыртышнаяға, бас мейірбике Вера Кулиничке және босану бөлімінің неонатолог-дәрігері Татьяна Друговаға табыс етті.

Елена Захарьян алғаш рет Семей мемлекеттік медицина институтының табалдырығын аттап, педиатр қызметін бастаған кезде, болашақта оның есімі медицинадағы ең жауапты бағыттардың бірі – зертханалық диагностикамен тығыз байланысты болатынын елестете қоймаған еді.

1986 жылы институтты тәмамдаған соң, екі жылдан кейін оны тағдыр зертханаға әкеледі. 1988 жылдан бері дәрігер-лаборант, ал 1998 жылдан бастап перинаталдық орталықтағы зертхананы басқарып келеді. Осы жылдар ішінде техника мен әдістер өзгергенімен, ең бастысы – адамға деген қамқорлық пен жауапкершілік сезімі өзгеріссіз қалды.

Бүгінде ол клиникалық-диагностикалық бөлімнің меңгерушісі. Дәрігер-лаборанттың жетекшілігімен зертхана зерттеулер жүргізіп қана қоймай, жаңа туған сәбилердің өмірін сақтап қалуға ықпал ететін шешімдердің негізін қалыптастырады. Оның көпжылдық тәжірибесі – сансыз кезекшілік, жаңа технологияларды енгізу, жас мамандарды оқыту.

Перинаталдық орталықтың директоры Гүлнар Буратаева медицина қауымдастығы дәрігерлер еңбегіне назар аударғаны үшін алғыс білдірді. Ол «Саламатты Павлодар» ұйымы – медицина қызметкерлерін нақты қолдайтын бірлестіктердің бірі екенін атап өтті.

Іс-шара жылы әрі шынайы атмосферада өтті – қатысушылар естеліктерімен бөлісіп, павлодарлықтардың денсаулығына адал қызмет еткен әріптестеріне алғыстарын білдірді.