Майқайың кенішінде қызметкерлер жұмыстан толық босатылмайды

Майқайың кенішінде  қызметкерлер жұмыстан толық босатылмайды
Фото: Валерий Бугаев

Қазіргі уақытта кәсіпорын жұмысын тоқтатуға дайындық жүргізілуде, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық еңбек басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылай Сабыровтың айтуынша, бүгінгі таңда «Майқайың-алтын» АҚ кәсіпорнының штат саны 933 адамды құрайды. Оның ішінде 143 қызметкер жыл сайынғы еңбек демалысында, 30 қызметкер бала күтіміне, 42 қызметкер уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты демалыста, бес адам ҚР Қарулы күштері қатарына шақырылды.

–  Бүгінгі таңда жалақысының 50%-ы төленген 153 қызметкердің жұмысы тоқтап тұр, бұл – шахтаның 109 қызметкері және тау-кен техникасы учаскесінде жұмыс істейтін 44 адам, – дейді Абылай Сабыров.

«Майқайың-алтын» АҚ жұмыс берушісінің ауызша түсіндірмесіне сәйкес қазіргі уақытта кәсіпорын жұмысын тоқтатуға дайындық жүргізіп жатыр. Шамамен ағымдағы жылдың 22-23 ақпанынан бастап тоқтату жоспарлануда, бұл ретте кәсіпорын қызметкерлеріне жалақысының 50%-ы төленетін болады. Жұмысы тоқтатылатын қызметкерлердің саны туралы ақпаратты кәсіпорын пысықтауда, нақты санын «Майқайың-алтын» АҚ басшылығы ағымдағы аптаның соңына дейін хабарлауды жоспарлауда.

Жұмыс берушінің ақпараты бойынша қызметкерлерді толық жұмыстан босату мәселесі қарастырылмайды. 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап кәсіпорын жұмысын қайта бастауды жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі іздеу жұмыстарына шетелдік мамандарды тарту талап етілмейтіні туралы хабарлаған болатын. Ағымдағы жылдың 18 қаңтарында экскаватордың көмегімен автобус корпусының бір бөлігі, жоғалған адамдардың құтқару жабдықтары мен жеке заттары табылды. 

«Майқайың-алтын» АҚ аумағындағы апат салдарынан болған жазатайым оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия нәтижелерін жариялады.  Комиссия 4-24 қаңтар аралығында тергеу жүргізді. Тергеу нәтижелері бойынша комиссия мүшелері жазатайым оқиғаның себептерін жою жөніндегі іс-шараларды және олардың орындалу мерзімдерін айқындады. Оның ішінде шахта директорының, бас инженердің, бас маркшейдердің, учаскелік маркшейдерлердің лауазымдық нұсқаулықтары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманың талаптарын ескере отырып қайта қаралатын болады.

Бұдан басқа, тау-кен қазбаларының өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне егжей-тегжейлі тексеру жүргізіледі.  Құлауы мүмкін аймақтарды және қауіпсіздік нормаларын қамтамасыз етуді ескере отырып, автокөлік қозғалысының маршруттары әзірленетін болады. 

Комиссия жеті жауапты адамды анықтады, еңбек заңнамасына сәйкес тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді.