Ертіс ауданында жылдың үздік спортшылары марапатталды

Аудандық спорт командаларының жұмыстары бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мәліметінше, жылдағы спорттық жетістіктердің қорытындысы шығарылды. Іс-шарада аудандық үздік спортшылар, облыстық спартакиаданың жеңімпаздары марапатқа ие болды. Аудан әкімі Нығман Жүсіпов спортшыларға еңбектері мен жоғары жетістіктері үшін алғыс білдіріп, барлық жаттықтырушылардың зор еңбек сіңіргенін ерекше атап өтті.
– Шағын футболдан XXVII облыстық спартакиаданың чемпионы «Ертіс ауданы» аудандық командасы, аударыспақтан ауданның құрама командасынан Мейрамбек Қалиев, Арыстан Жүсіпбаев, Бексұлтан Ақжан, Мадияр Қабылманап, Жанас Жылқай секілді облыстық спартакиаданың чемпиондары марапатталды, – деді бөлімде.
Стритболдан Ертіс ауданының ерлер құрамасындағы Петр Железнев, Антон Цечоев, Андрей Шимкевич облыстық спартакиаданың күміс жүлдегерлері атанды. Жаттықтырушы – Виктор Карякин. Сонымен қатар, облыстық спартакиадада стритболдан үшінші орын алған ауданның әйелдер құрамасындағы Лидия Кайдарова, Камилла Сәтиева, Оксана Федорчук, Юлия Федорчук және бас жаттықтырушысы Дамир Усаханов марапатталды.