Павлодарда оқушылар Әбіш Кекілбаевтың шығармаларына сахналық қойылым жасады
Сондай-ақ, олар мәнерлеп оқудан сынға түсіп, зерттеу жобаларын қорғаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының білім беру басқармасының мәліметінше, 26 ақпанда «Әбіш оқулары» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті. Іс-шараны «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.
– Байқаудың басты мақсаты Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, қазақ әдебиетінің ірі өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтің шығармаларын насихаттау. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын дамыту, жазушының рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, – деп атап өтті «Ертіс дарыны» орталығының басшысы Азамат Шаймұрат.
«Әбіш оқулары» байқауы облыстық жалпы орта білім беру оқу орындарының 8-11- сынып оқушылары арасында өткізілді. Облыстық байқауға аудандық, қалалық кезеңдерінің жеңімпаздары арасынан 132 оқушы қатысты.
Байқау 4 бағытты қамтыды. Қатысушылар жазушының «Құс қанаты» және «Ең бақытты күн» шығармаларын ақ қағаз бетіне бейнелеп берді. Жазушының прозалық шығармаларының ішінен оқушылар «Махаббат мұнарасы», «Күй», «Ханша Дария», «Шыңырау», «Автомобиль» шығармаларын мәнерлеп оқыса, поэзиялық шығармалары ішінен «Әке», «Теңіз жағасында ой» шығармаларын оқыды. Шығармашылық жұмыс - зерттеу жобасын қорғау жазушының шығармалары бойынша болды. Қатысушылар Ә.Кекілбаевтің шығармаларынан сахналық қойылым бөлімінде «Абылай хан», «Көк атты», «Аңызды ақын», «Махаббат мұнарасы» ортаға салды.
Сайыс қорытындысы бойынша 64 оқушы жүлделі орынға ие болды, оның ішінде: І орын – 8, ІІ орын – 24, ІІІ орын – 32.
«Ә. Кекілбаевтің шығармаларына иллюстрациялық сурет салу» бағытында I дәрежелі дипломмен – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Лиана Хван марапатталды.
«Жазушының шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу» бағытында I дәрежелі диплом иегері Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Қосман Жұмабай атанды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталып, жеңімпаздар республикалық кезеңге жолдама алды.
Фото: «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы