Павлодарлық өрен тарихи матчқа қатысатындар тізімінен табылды
21 наурызда Қазақстан Грекиямен футбол ойнайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық құраманың 33 футболшыдан құрылған кеңейтілген тізіміне «Ертіс» түлегі, қазірде «Ақтөбеде» ойнап жүрген Арман Кеңесов те ілінді. Былтыр павлодарлық ойыншы ұлттық құрама жейдесін Словенияға қарсы матчта тұңғыш рет киіп шықты. Әрі қарай ол Еуро-2024 квалификациясында Сан-Мариномен екі кездесу өткізді.
Қазіргі командасында Арман Кеңесов 2022 жылдан бері ойнайды. «Ақтөбе» сапында ол барлығы 52 матч өткізіп, сегіз гол соққан. Үлкен футболдағы алғашқы қадамын ол 2018 жылы 12 тамызда «Ертіс» пен «Атырау» арасындағы матчта жасаған еді.
УЕФА Ұлттар Лигасындағы сәтті өнер көрсетуінің арқасында Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне қатысуағ әлі үмітті. Еліміздің бас командасы 21 наурызда Афинада гректермен шеберлік байқасады. Жеңген жағдайда ол Грузия – Люксембург жұбындағы үздік құрамамен жалғыз жолдама үшін тартысады.