Павлодарда жаз бойы кітап оқыған шәкірттер ноутбуктер мен смартфондар алды
Байқау қорытындысы бойынша 76 қатысушы марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы білім бөлімі «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы № 7 мектепте қаланың жалпы білім беретін мектептерінің 2-9-сынып оқушылары арасында «Book BATTLE» қалалық байқауының қорытындысын шығарды. Шараның салтанатты жабылуы мен марапаттау рәсіміне қаланың жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары, ата-аналары қатысты.
– Қатысушылар конкурсқа қатысуға үлкен қызығушылық танытты және қазақстандық авторлардың таңдауы бойынша оқу үшін ұсынылған тізімнің ішінен көбі Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ білек», Оралхан Бөкеевтің «Жусан иісі», «Адам-бұғы», сондай-ақ «Қарлығаш пен дәуіт», «Сұлу Күнкей» «Алдар Көсе» қазақ халық ертегілерін, Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары», Бердібек Соқпақпаевтың «Менің атым Қожа» сияқты бірнеше шығарма оқыды, – дейді ұйымдастырушылар.
Жүлделі орындарға ие болған қатысушылар шығармаларды оқығаннан кейін буктрейлер орналастырған. Ұсынылған электронды мекенжайларға өздерінің оқылған кітабы туралы еркін түрде баяндайтын қысқа бейнеролик, «Авторға хат» эссесінде оқылған кітап туралы өз пікірлерін білдірді. Авторға қызықты сұрақтар қойып, идеялар ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша 76 қатысушы марапатталды.
І орынды Ж. Тәшенев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Фатима Манай, № 43 мектептің 3-сынып оқушысы Кристина Тимофеева, № 39 мектептің 4- сынып оқушысы Ксения Гнускина, М. Әлімбаев атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Жансұлу Біржан, №11 мектептің 4-сынып оқушысы Радомир Ковалев иеленді және Павлодар қаласы білім бөлімінің бірінші дәрежелі дипломдарымен және ноутбукпен марапатталды.
Екінші және үшінші орын алған оқушыларға смартфондар, смарт-сағат, поуэербанк, веб-камералар, қатты дискілер табысталды. Байқауға белсенді қатысқаны үшін 45 қатысушы сертификаттар мен сыйлықтарға ие болды.