Павлодарлық оқушылар Барселонада өткен халықаралық олимпиадада топ жарды

Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 800-ден астам қатысушы жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылы Барселонада өткен International STEM Olympiad байқауында қазақстандық оқушылар үлкен жетістікке қол жеткізді. 14 шілде күні өткен финалда еліміздің сегіз бірдей өкілі беделді халықаралық сайыстың гранд-финалына шығып, әртүрлі номинациялар бойынша жүлделі орындарды иеленді.
Олимпиадаға АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Сауд Арабиясы, Түркия және басқа да мемлекеттерден барлығы 35 елдің өкілдері қатысты. Жалпы алғанда, International STEM Olympiad байқауына 800-ден астам қатысушы жиналды.
Сайыстар бес негізгі бағыт бойынша өтті: кодтау, математика, жаратылыстану ғылымдары, технология және инженерия, сондай-ақ жасанды интеллект және көркем–шығармашылық жарнамалық фильм номинациялары. Қазақстаннан, атап айтқанда Астана, Алматы және Павлодар қалаларынан барған сегіз оқушы кодтау, жаратылыстану және математика санаттарында бақ сынап, топ жарды.
Қазақстандық команда жалпы есепте екі алтын, алты күміс және бес қола медаль жеңіп алды. Олардың ішінде павлодарлық оқушылар да ерекше көзге түсті: Жәнібек Нұрхамитұлы – математика санатында және бағдарламалау (Coding) санатында екінші орын алса, Арман Әубәкір – математика санатында бірінші орын, бағдарламалау (Coding) санатында екінші орын, Әлихан Таңат аталмыш санаттарда үшінші орындарды жеңіп алды.
Өткен жылы Астанада өткен халықаралық олимпиадаға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдерінен 78 команда құрамындағы 200 қатысушы қатысқан еді.
Мамандардың айтуынша, STEM-олимпиадалар мен басқа да қолданбалы бастамалар оқушыларға тек білім алып қана қоймай, оны нақты өмірлік міндеттерді шешуде қолдануға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар қазақстандық оқушылардың халықаралық деңгейде білім сапасын көрсетуіне арналған маңызды платформаға айналуда.
Бүгінде Қазақстанда STEM-білім беру болашақ мамандарды даярлауда стратегиялық маңызға ие. Елде осы бағыттағы инфрақұрылым қарқынды дамып келеді: заманауи зертханалар ашылып, мамандандырылған кабинеттер жабдықталуда, ал мұғалімдер біліктілікті арттыру курстарынан тұрақты түрде өтуде.