Павлодарда Республикалық жастар форумы басталды

Іс-шара Халықаралық жастар күніне орай және Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
11–12 тамыз күндері өтетін ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 35 жасқа дейінгі 100-ден астам белсенді, еңбекқор және болашағынан үміт күттіретін жас маман жиналды.
Форумның мақсаты – жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамыту, кәсіби құзыреттілігін арттыру және туған өңірінің болашағына деген жауапкершілігін нығайту.
Ашылу салтанатында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова Павлодар осы күндері идеялармен, тәжірибемен және шабытпен алмасу алаңына айналғанын атап өтті.
– Біз елдің дамуына жұмысшы мамандықтардың қосқан үлесін бағалаймыз, ал жастар – жаңа тәсілдерді қалыптастырып, оларды іске асыруға жауапкершілік алуға дайын қозғаушы күш, – деді ол.
Екі күндік бағдарламада тәжірибе алмасу, мансаптық өсу мүмкіндіктерін кеңейту, табысты еңбек жолының үлгілерінен шабыт алу секілді мазмұнды іс-шаралар қамтылған. Қатысушылар пленарлық және тақырыптық сессияларға, табысты мансап тарихтарына арналған кейс-презентацияларға, тренингтер мен пікірталас алаңдарына қатысады. Сондай-ақ Павлодар облысының жетекші кәсіпорындарына экскурсиялар, мәдени-сауықтыру бағдарламалары ұйымдастырылған.
– Павлодарда жастарды құрметпен қарсы алып, жаңа мақсаттарға шабыттандыратынына және шаралардың ауқымына қатты тәнті болдым. Алюминий зауытында құнды тәжірибе алдық – мұнда жұмысына үлкен кәсіби шеберлікпен және құрметпен қарайтыны анық көрінеді. Спортшы әрі IT маманы ретінде мен үшін білім мен тәжірибені спортта да, өндірісте де бөлісу маңызды, өйткені жастар барлық бағытта дамуы керек, – деді Ақмола облысы, Степногор қаласынан келген «Алтыналмас» компаниясының бас маманы, дзюдодан спорт шебері Әліжан Бектасов.
Форумның негізгі тақырыптары:
– Жұмыс орындарындағы заманауи үрдістер мен шынайылық;
– Қазақстанның жаңа келбеті: жасампаздық жолындағы жастар;
– Абырой асқары – іске адалдық.
– Павлодар – жастар саясатының бесігі. Дәл осы жерден “Жасыл ел” қозғалысы бастау алып, еліміздегі алғашқы жастар саясаты басқармасы құрылды. Бүгінде жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру маңызды, өйткені бұл – лайықты өмір мен өзін-өзі жүзеге асырудың жолы. Жастар – Қазақстанның болашағын қалыптастыратын қозғаушы күш», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.
Айта кетейік, іс-шара аясында орталық жағалаудың жоғарғы бөлігінде «Павлодар – Жұмысшы мамандықтар аймағы» атты ірі интерактивті көрме өтеді. Оған өңір мен еліміздің 40-тан астам өнеркәсіп және тауар өндіруші кәсіпорындары қатысып, өз өнімдерін, жаңа әзірлемелерін және қызметтерін таныстырады. Көрме аумағында арнайы көрсетілім аймақтары, шеберлік сабақтары, фотозоналар, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылмақ.
Форумның финалы – «Жастар FEST» фестивалі, ол 12 тамыз күні сағат 18:00-де Ertis Promenade сахнасында өтеді. Кеш қонақтарын шығармашылық нөмірлер, концерт және ашық аспан астындағы Open Air дискотекасы күтеді. Мерекенің хедлайнерлері – Adil, Il’han, BYTANAT және KALIFORNYA.