Павлодарда сатира байқауында аудармашы журналист жеңімпаз атанды

Павлодарда сатира байқауында аудармашы журналист жеңімпаз атанды
Фото: Мақсат Көлтайұлы

Республикалық байқауға 20 адам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Олардың ішінде Талдықорған, Түркістан, Өскемен, Астана өңірлерінен 40 жасқа дейінгі қатысушылар бар. Олар сатира жанрында шығарма жазудан жарысты. 

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту, және архив ісі басқармасының қолдауымен, «Шаңырақ» облыстық  халық шығармашылығы орталығының ұйымдастырған шара жалынды журналист, қарымды қаламгер, сатираның саңлағы Жанат Тұрғанбекті еске алуға арналды. 

Қазылар алқасының шешімімен қытай-қазақ-ағылшын тілдерінен аудармашы, журналист Нұрбек Кеңесбай топ жарды. Бірінші орын иегеріне 150 мың теңге табыс етілді. Ол байқауға «Жолдама кімге беріледі?», «Әкім» деген екі шығармасын ұсынған. 

– Сатира өмірден алыну керек, сонда ғана өтімді болады деп ойлаймын. Қоғамда болып жатқан әр құбылысқа зер салып жүрген адам одан сатиралық мән таба алады. Сондықтан сатира жазу қиын емес.  Сатиралық байқауға бірінші рет қатысып отырмын. Алдағы уақытта балалар әдебиеті бойынша кітап шығару ойда бар, – дейді Мойылды ауылынан келген Нұрбек Кеңесбай. 

Екінші орынды қатысушылардың ішіндегі ең жасы – Бұқар жырау атындағы музейдің қызметкері Жанболат Абайхан 100 мың теңгелік сертификатты ұтып алды.

Алыстан ат терлетіп, Өскемен өңірінен келген қатысушы Мұратхан Кенжеханұлы үшінші орынды және 75 мың теңгелік жүлдені қанжығалады.

Айта кету керек, арнайы жүлдеге және 50 мың теңгелік сертификатқа Май ауданының намысын қорғаған Ерлан Аманқожаұлы ие болды.

Қаламгерлердің туындыларына ардагер журналист Ғалымбек Жұматов, «Найзатас» журналының бас редакторы Жұмабек Сманов, «Halyk radiosy-ның» бас редакторы Асыл Әбіш, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан төрелік етті.