Павлодарлық музейде «Жұмысшы мамандықтары жылына» арналған көрме ашылды

Көрмеде танымал суретшілердің отыздан астам туындысы қойылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Өнердегі еңбек бейнесі» деп аталатын экспозицияда еңбек адамдарының бейнесін дәріптейтін кескіндеме және мүсін туындылары қойылған.
– Көрмеге Қазақстан суретшілері мен мүсіншілерінің 33 туындысы ұсынылған. Онда құрылысшылар, болат қорытушылар, темір ұсталары, шопандар мен сауыншылар, астық жинаушылар мен кеншілер сынды мамандық иелерінің портреттері мен жұмыс үстіндегі сәттері бейнеленген. Қылқалам шеберлері табиғат көріністерінен бөлек, Павлодар алюминий зауыты, электр желілері, биік ғимараттар секілді индустриялық нысандардың қуатын да суреттеген, – делінген хабарламада.
Көрмедегі жұмыстардың басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары аралығында салынған. Авторлардың ішінде белгілі суретшілер Нағымбек Нұрмұхаммедов, Жаңатай Шарденов, Мария Лизогуб, Қуаныш Есіркеев, Камиль Шаяхметов, Константин Плюхин, Зоя Соболева, Василий Мартынцев және басқа да шеберлер бар. Олар өз туындыларын еңбек адамдарының ортасына барып, олардың көңіл-күйін, жұмыс ырғағын және жаңа жетістіктерге деген ұмтылысын дәл жеткізуге тырысқан.
Көрме 2025 жылдың 31 қазанына дейін жұмыс істейді.