Astana children’s festival: Павлодарлық оқушылардың өнері жоғары бағаланды

Astana children’s festival: Павлодарлық оқушылардың өнері жоғары бағаланды
Фото: Оқушылар сарайы ұсынды

Елорданың төрінде «Astana Stars» халықаралық конкурстық ұйымдастыру комитетінің қолдауымен Astana children’s festival IX халықаралық жанрлық конкурс-фестивалі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Әл-Фараби атындағы  Оқушылар сарайының сахнасында ұйымдастырылған шараға М. Катаев атындағы оқушылар сарайының «Арман-шоу» үлгілі вокалдық студиясы мен «Жаңа star» студиясының жас әртістері «Вокалдық өнер» номинациясында өнер көрсетті. 

Қазақстанның көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері, композиторлар, профессорлар, шоу-бизнес өкілдері әншілердің шығармашылығын жоғары бағалады. 

«Жаңа star» студиясының әншісі Нұрия Тукебаева «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша «Гүлстан» әнімен 1 орынға қол жеткізді. Байқаудың барлық қатысушылары үшін ойын бағдарламасы өткізілді. 

– Біздің барлық балалар елорда сахнасының төрінде өз өнерлерін ортаға салды. Әнші балалар өздерін тату, шығармашыл ұжым ретінде көрсете білді. Сонымен қатар әр орындаушы әнді нақышына келтіріп орындады.  Байқау дарынды жастардың шығармашылық әлеуетін іске асырады, – деді «Арман - шоу» студиясының жетекшісі Галия Жанкаринова.    

Студия жетекшілері Ғалия Жанкаринова және Нонна Царенко Халықаралық конкурстың ұйымдастырушылары атынан Алғыс хатқа ие болды. 

Кіші санатта «Арман-шоу» үлгілі вокал студиясының тәрбиеленушісі Саяра Күмпекей «Маленький принц» әнімен 1-орын,  орта санатта  «Цвети, земля» әнімен  Жанбота Ережепова Бас жүлдені,   Тілектес Арухан  «Город детство» әнімен және Адель  Ғалым «Нарисовать мечту» әнімен  1-орынды алды. 

Інжу Аипова «Қобыз», Гүлнұр Сағынаева «Құсни – Қорлан» және  Амина Тілектес «Домбыра» әндерімен 2-орынға ие болды. 

Жоғары санатта  Бас жүлде «Shoe must go on» әнін орындаған  Томирис Ғалымға бұйырды. 

Аманжол Мейіржан  «This love» әнімен, Сабина  Адамбаева «Tears of gold» әнімен жеңімпаз атанды. 

Дуэт болып  «Euphoria» әнін шырқаған Томирис Ғалым мен Аружан Жанайдар, Аружан Жанайдар «Anywhere but here», Батырхан Абукенов  «Sunshine»,  Қарақат Медетбек «Джаз әлемі» әндерімен 2-орын алды.