Павлодарлық суретші: сурет салу тек қағаз бетіне сызумен шектелмейді

Павлодарлық суретші: сурет салу тек қағаз бетіне сызумен шектелмейді
Фото: Автор

Қалалық балалар көркемсурет мектебінің іргетасы қаланғанына 45 жыл толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.

Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде қалалық балалар көркемсурет мектебінің 45 жылдығына орай ұйымдастырылған көрменің ашылуы өтті.

Көрменің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликова мектеп ұжымын мерей тойларымен құттықтап, аймақ басшысының атынан Алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ, іс-шараға қатысқан облыстық Суретшілер одағының төрағасы Өсербай Шоранов және Қазақстан Республикасы білім беру үздігі, Көркемөнер академиясының корреспондент- мүшесі Ерсін Тақырбасов құттықтау сөздерін сөйледі.

– 1979 жылы осы мектеп №10 жалпы орта білім беру мектебінде Әнуар Игембаев, Ерcін Такирбасов, Қажыгелді Баймульдин, Виктор Поликарпов, Владимир Приходько, Владимир Баранов секілді аға буындардың атсалысуымен құрылған еді. 45 жылдан бері талай өнерлі түлек тәрбиелеп, талай белесті бағындырып келеді. Алдағы уақытта тіптен жоғары белестерге көтерілетіндеріне сенімдімін, – деді Өсербай Шоранов.

Мектеп құрылғаннан бері өнерлі балалары мен ұстаздары, Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Германия, Польша, Үндістан және басқа елдердегі республикалық және халықаралық конкурстардан жүлде алып келеді.

– Осы мектепті ашқан кезден бастап, ұстаздар оқушыларды тек сурет салумен ғана шектемей, қолданбалы сәндік өнеріне де үйретіп келеді. Қолданбалы сәндік өнер – ол шашылып жатқан заттарды керекке жаратып, өз ойымен жақсы зат жасап шығу. Сурет өнерінің әр саласын жақсы меңгеріп, көркемсурет мектебі жоғары дәрежедегі сапалы білім беретін өнер ордасы болды, – деді Ерсін Тақырбасов.

Көрме соңында ұстаздар мен оқушылар музейде сурет салып, түрлі - түсті жүндермен тоқыма тоқып, көрме қонақтарына шеберліктерін көрсетті.