Павлодарда шыбын-шіркеймен қалай күреседі?
Өңір әкімдігінде қаланың дезинсекциялық науқанға дайындығы талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қаладағы өңделетін аумақтың көлемі 8783 гектар құрайды, қосымша Жаңаауыл мен Зеленстрой шағын аудандарында 50 гектар өңделеді.
«Бактицид» бактериологиялық препаратының қажетті мөлшері дайындалды, өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін барлық қажетті техника мен адамдар жеткілікті.
– 15 сәуірден бастап су айдындарына мониторинг жүргізілуде, шыбын-шіркейлердің өсуін бақылау нүктелері анықталды. Ғылыми топтың көрсеткіштері бойынша бару қиын жерлер әуеден өңделеді. Мамыр айынан бастап қалалық мердігер «дымқыл тұманмен» тосқауылды өңдеуді бастауды жоспарлап отыр, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, мамандар жертөлелерді өңдеуге кірісті. Қала тұрғындарының өтініштері бойынша 65 жертөле өңделді. Жедел әрекет ету үшін +7(707)595-64-47 нөмірі бойынша жедел желі ашылды.
Жиналыс қорытындысы бойынша Асайын Байханов таяз су айдындары мен негізгі жасыл аймақтарды ерте кезеңде өңдеуді тапсырды. Сондай-ақ, шыбын-шіркейлердің өсуіне жағдай туғызбау үшін саяжай учаскелерінің иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Фотоны түсірген Валерий Бугаев