Павлодарда студенттер инватакси қызметін толық цифрландырды

Павлодарда студенттер инватакси қызметін толық цифрландырды
Фото: Константин Шелков

Қазір жоба Павлодарда сынақтан өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мобильді қосымша мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Торайғыров университетінің студенттері әзірлеген жүйе көлікке тапсырыс беру процесін жеңілдетіп, пайдаланушыларға автобустың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Жобаның бастамашыларының бірі, «Involt Ecosystem» экожүйесінің жетекшісі Станислав Кириченконың айтуынша, идея бірнеше жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі адамдардың күнделікті кездесетін қиындықтарын байқаудан туған.

Бір сәтте мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың инватаксиге әлі күнге дейін ескі тәсілмен тапсырыс беретінін түсіндім. Олар қоңырау шалып, жауап бергенше күтіп, содан кейін ғана көлікті шақырады. Мен осының барлығын цифрландыруды қаладым және «Яндекс» тәрізді қосымша жасауды ұсындым, – деді ол.

Жоба «Involt Ecosystem» деп аталатын экожүйенің бір бөлігі болып табылады. Оның құрамына инватакси сервисі, қолжетімді карта, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған танысу платформасы және басқа да цифрлық шешімдер кіреді. Экожүйенің негізгі мақсаты – ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін цифрлық ортаны барынша қолжетімді ету.

Инватакси сервисі арқылы пайдаланушылар көлікке өтінім беріп қана қоймай, көліктің нақты қай жерде келе жатқанын және тапсырыстың мәртебесін қосымша арқылы көре алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік болмаған.

Әзірлеушілер қолжетімділік мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Жүйе көру қабілеті бұзылған, есту қабілеті төмен немесе қимыл-қозғалысында ерекшеліктері бар адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып жасалған. Болашақта пайдаланушылар қызметтерді дауыс арқылы басқара алады.

Біздің жүйеде адам жай ғана «Маған такси шақыр» деп айтады. Жүйе оның орнына көлікке тапсырыс береді. Кей жағдайларда телефонға қол тигізудің де қажеті болмайды, – деді Станислав Кириченко.

Жобаны әзірлеу шамамен екі жылға созылған. Команда бұл уақыт ішінде бірнеше сервисті қатар дамытып, оларды әртүрлі санаттағы пайдаланушыларға бейімдеумен айналысқан. Сонымен қатар, әзірлеушілер тек жолаушылардың ғана емес, инватакси қызметін көрсететін ұйымдардың да мәселелерін шешуді көздеген.

Жүйе арқылы тапсырыстарды қабылдау, маршруттық парақтарды қалыптастыру, есеп жүргізу және қызмет сапасын талдау процестері автоматтандырылады. Бұл ұйымдардың жұмысын жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта жоба Павлодар қаласында апробация кезеңінен өтуде. Сынаққа 20-ға жуық пайдаланушы қатысып жатыр. Әзірлеушілер жүйенің тұрақтылығын тексеріп, интерфейстің қолайлылығын бағалауда.

Қазір бәрі тестіленіп жатыр. Кейде кейбір түзетулер болып жатады, біз оларды жөндеп отырамыз. Сонымен қатар, UX/UI-ға да қараймыз, яғни адамдарға бұл жүйені қолдану қаншалықты ыңғайлы екенін бағалаймыз, – деді жоба авторы.

Бүгінде команда Торайғыров университетімен, Павлодар қаласының әкімдігімен және ҚР Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта барлық сервистерді бір экожүйеге біріктіріп, оларды Google Play мен App Store платформаларында қолжетімді ету жоспарланған.

Еске сала кетейік, Павлодарлық студенттер цифрлық инклюзивті экожүйесі авторлық жоба. Бұған дейін жоба авторлары облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларда жеңімпаз атанған.