Павлодарда оңалту құралдарын жалға беру жобасы басталды

Павлодарда оңалту құралдарын жалға беру жобасы басталды
Фото Константина Шелкова

Облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жаңа пилоттық жоба қолға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандарының хабарлауынша, өңір тұрғындары жаңа техникалық оңалту құралын алғанға дейін мүгедектер арбасын және арнайы қозғалыс құралдарын уақытша пайдалана алады. 

- Бұл бастама әсіресе ұзақ күтетін жандарға үлкен көмек болмақ. Уақытша берілетін құралдар мемлекеттен жаңа жабдық алу құқығына әсер етпейді. Пайдалану мерзімі аяқталған соң құрал қайтадан прокат пунктіне өткізіліп, басқа мұқтаж адамдарға беріледі, - дейді мамандар.

Павлодар облысында 30 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Бұл бастама оларға қажетті оңалту құралдарын уақытылы пайдалануға мүмкіндік береді.

Аққу Самсен