Президент Павлодар облысының әкімін қабылдады

Президент Павлодар облысының әкімін қабылдады
Фото: Ақорда

Асайын Байханов Қасым-Жомарт Тоқаевқа Павлодар облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде экономиканың барлық негізгі саласы бойынша өсім байқалады: былтыр өңірлік жалпы өнім 5,8%-ға ұлғайды, 1,1 трлн теңге инвестиция (+38%) тартылды.

Бұдан бөлек, Асайын Байханов ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады. Құрамында алтын бар концентратты қайта өңдеу және ферроқорытпа өндірісі бойынша екі үлкен жоба қолға алынады.

Екібастұзда қуаттылығы 460 мың тоннаны құрайтын үш ферроқорытпа зауытын салу жоспарланған. Бұл кәсіпорындар іске қосылса, Қазақстан ферроқорытпа өндірісі бойынша әлемде екінші орынға шығады.

Сонымен қатар аймақ басшысы барлық әлеуметтік міндеттеменің жүйелі түрде орындалып жатқаны туралы баяндады. 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 40 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген, тағы 83-і жаңғыртылған. Қосымша білім беретін үш орталық, 1800 оқушыға арналған «Жайлы мектептер» салынған. Апаттық жағдайдағы мектептердің орнына үш білім беру нысаны бой көтеріп, 26 оқу ошағы жөнделген. 

Кейінгі 20 жылда алғаш рет жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 1,3 пайызға төмендеген. Қоғамдық көлік 80 пайызға жаңартылып, 230 автобус жеткізілген. Трамвай паркі жаңартылуда. Жаңа 25 вагонның алғашқы партиясы биыл қыркүйекте жеткізіледі. 

Президент инвестиция тартуды жалғастыруды, «Жайлы мектеп» ұлттық жоспарын сапалы және уақтылы жүзеге асыруды, облыс экономикасын одан әрі әртараптандыруды, әлеуметтік саланы дамытуды, инфрақұрылымды жаңғыртуды және көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жүргізуді тапсырды.