Павлодарда Түркі тілдес жазбалары күніне орай конференция өткізілді
Жиында өңірдің тіл ұстаздары мен профессорлары бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Достық үйінің мәжіліс залында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Түркі тілдес жазбалар күніне орай «Түркі әлемі: жазу мәдениеті, тіл, тарих және дүниетаным» атты облыстық ғылыми-танымдық конференциясы ұйымдастырылды.
– Бұл шара Түркі тілдес халықтары күніне арналып, бірнеше жылдардан бері өткізіліп келеді. Осыған дейін түркі тілдес этно-мәдени бірлестіктерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ретінде өткізілген. Соңғы үш-төрт жылдан бері шараның форматын конференцияға өзгерткен жайымыз бар. Өткен жылы «Жердің аты – бабаның хаты» тақырыбымен ономастика саласына арнасақ, осы конференцияда тақырыпты кеңейтіп, түркі әлемінің жазуы, тілі, тарихы және дүниетанымына арнадық, – дейді Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ономастика жұмыстары бөлімінің басшысы Қайыр Батырбек.
Мәдени іс-шарада Торайғыров университеті филология кафедрасының профессоры Бақытгүл Қаппасова қазақ зиялылары дәлірек айтсақ, Ахмет Байтұрсынов жайлы баяндады.
– Бүгін Ертіс-Баян өңірінің осындай тақырыпта сөз қозғап, ауқымды ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырғаны аса бір қажеттіліктен туған дүние деген ойдамын. Бұл жиында қазіргі түркі тілдерінің ішіндегі қазақ тілінің орны сипатты мәселелер қозғалатын болады. Ахмет Байтұрсыновтың түркі тілдеріндегі, дамуындағы, ғылыми негізінде қалыптасуындағы орны жайлы сөз қозғадым. Себебі, көбінесе Байтұрсыновты қазақ тілін зерттеуші, қазақ баспасөзінің негізін қалаушысының бірі деп білеміз. Алайда, бұл азаматтың түркі тілдері жайлы да зерттеу, еңбектері бар, – дейді Бақытгүл Қаппасова.
Сонымен қатар, конференцияда тіл саясатын жүзеге асыруға және өңірдің рухани-мәдени өміріне белсенді қатысуға үлес қосқан тұлғалар басқарма басшысының атынан Алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кету керек, биылғы конференцияға спикер ретінде Назарбаев университетінің профессоры, ғалым Жазира Ағабекова қатысты.