Павлодардың алтын стандарты: сирек операция науқастың жүрегін аман алып қалды

«Росса» операциясы соңғы үш жылдағы алтыншы рет жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алты ай бойы Павлодар ауданының Луганск ауылында тұратын 34 жастағы тұрғынды жүрек тұсындағы шаншу және күйдіріп ауыртатын сезімдер мазалай бастаған. Ол емханаға жүгініп, жоспарлы тексеруден өтті. Нәтижесінде аорталық клапанның туа біткен ақауы, шамалы стеноз және үшінші дәрежелі аорталық жеткіліксіздік анықталды. Кардиохирургтың кеңесінен кейін операция жасау ұсынылды.
Кардиохирург Виталий Березуцкийдің айтуынша, науқасқа «Росса» операциясы жасалған. Бұл әдіс кардиохирургияда алтын стандарт болып саналады.
– «Росса» операциясының ерекшелігі – өкпе клапанын аорталық орынға ауыстыру. Науқастың өз аорталық клапан жарамсыз болып қалған, оны сақтап қалу мүмкін болмады. Сондықтан біз өкпе қақпағын аорталық орынға ауыстырдық, ал өкпе қақпағының орнына биологиялық гомографт орнаттық. Бұл әдістің артықшылығы – науқасқа өмір бойы антикоагулянттар, яғни өмір сапасын төмендететін дәрілерді қабылдау қажет емес. Операция, әсіресе, жас науқастарға ұсынылады, себебі ауыстырылған өкпе қақпағы өсу қабілетін сақтап, физиологиялық қызметін атқара алады, – деді дәрігер.
Операциядан кейін науқас белсенді өмір салтына оралады, спортпен айналысады. Клапан ұзақ қызмет етеді, бірақ тұрақты бақылауды қажет етеді. Қайта операция 60 жасқа келгенде ғана қажет болуы мүмкін, алайда дәрігерлердің бақылауы қажет.
Николай Шипенёв ауруханаға шұғыл түрде жеткізілді, себебі есінен тану жағдайлары жиілеген. Ол жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді.
Николайдың айтуынша, диагноз туралы тек тексеру кезінде білген, оған дейін жүрегі мазаламаған.
– Операцияға дейін жүрегімді сезіп, тіпті оны «естіп» тұратынмын. Үйге бірнеше рет жедел жәрдем шақырдым. Ал отадан кейін өзімді керемет сезінемін, ентігу жоғалды, шаншу мен ауырсынуды ұмытып кеттім. Енді қалпына келіп, үйге оралу ғана қалды, – дейді ол.
Операция төрт сағаттан астам уақытқа созылды. Оны он жоғары білікті хирургтан құралған бригада жүргізді. Қазір Николай Шипенёв ауруханадан шығуға дайындалуда. Үйінде оны жанұясы күтіп отыр.
Фото: автор