Павлодарда төрт жастағы бала сегізінші қабаттан құлап кетті
Өңірде жыл басынан бері балалардың биіктіктен құлауының алты жағдайы тіркелді. Оның екеуі қайғылы жағдаймен аяқталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кезекті оқиға 9 қыркүйек күні сағат 21:00 шамасында Павлодар қаласында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 2022 жылы туған ұл бала көпқабатты тұрғын үйдің сегізінші қабатындағы пәтердің балконынан құлаған.
– Баланың балконда болған кезде орындыққа шығып, терезеден құлағаны анықталды. Оқиға салдарынан бала биіктіктен құлап кеткен. Бұл ретте, ата-аналарға балаларды ашық терезелер мен балкондар бар бөлмелерде қараусыз қалдырмауды ескертеміз, – деді облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.
Мамандар терезе маңына баланың терезе алдына шығуына мүмкіндік беретін жиһаздар мен басқа да заттарды қоймауға кеңес береді. Сондай-ақ терезелерге арнайы бұғаттағыштар, торлар немесе шектегіш құрылғылар орнату қажет.