Павлодар колониясына нанның ішіне жасырылған телефон өткізбек болған
Тыйым салынған зат сотталған адамға арналған сәлемдемені тексеру кезінде анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, №63 мекемеде «Тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тыйым салынған затты өткізбек болған әрекеттің жолы кесілді.
Мекеме қызметкерлері сотталған адамға арналған сәлемдемені тексеру кезінде нанның ішіне жасырылған ұялы телефонды анықтаған.
Аталған дерек бойынша азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Құқық бұзушылық фактісі бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіштердің жазбаларымен расталған.
Жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.