Павлодарда ұлттық ұлан сақшылары қашқынды қолға түсірді
Ұлттық ұлан сақшылары бір сағат ішінде іздеуде жүрген екі азаматты ұстады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 сәуір күні сағат 20.15 шамасында Ломов көшесі бойындағы үйлердің маңында қоғамдық тәртіпті күзетіп жүрген 5512 әскери бөлімінің сақшыларын көрген ер азамат өздігінен мазасыздана бастап, кенет келе жатқан бағытынан кері айналып, қаша жөнелген.
– Ұлттық ұлан сақшылары полиция қызметкерлерімен бірге қашқынды дереу қолға түсіріп, оның не себепті жасырынғанын анықтауға кіріседі. Күдікті ҚР ҚК 200-бабының 1-тармағы – «көлік құралын жымқыру» ісі бойынша іздеуде жүрген болып шықты, – дейді баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелді.
Бір сағаттан кейін сағат 21.35 шамасында Катаев көшесі бойындағы үйлердің маңында Ұлттық ұлан сақшыларын байқап қалған тағы бір азамат дереу келе жатқан бағытынан жалт бұрылып, кері қарай қаша жөнелген. Көп ұзамай қолға түскен күдіктінің жеке басын тексеру барысында оның ҚР ҚК 188-бабының 1-тармағы бойынша – «Ұрлық» үшін іздеуде жүргені анықталды. Ұсталған азамат бұған дейін ұрлық үшін төрт рет бас бостандығынан айырылған.