Павлодарда топырақ опырылып, екі адам қаза тапты

Павлодарда топырақ опырылып, екі адам қаза тапты
Фото: ТЖД баспасөз қызметінен

Оқыс оқиғадан бірнеше адам зардап шекті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

–  «112» пультіне Павлодар қаласында жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылғаны туралы хабарлама түсті. Опырылу тереңдігі шамамен 6 метрді құрайды. Оқиға орнына дереу ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Қысқа уақыт ішінде құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жұмысқа кірісті, - делінген хабарламада.

Құтқарушылар келгенге дейін кәсіпорын қызметкерлері бір адамның жер астынан шығуына көмектескен. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар топырақ астынан тағы екі зардап шегушіні алып шықты. Олардың барлығына төтенше жағдайлар министрлігінің апаттар медицинасы орталығының мамандары алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін жедел жәрдем бригадаларына әрі қарай ауруханаға жеткізу үшін тапсырды.

Өкінішке қарай, құтқарушылар үйінді астынан тағы екі адамның мәйітін алып шықты. Болған жағдайдың мән-жайы анықталуда.

Облыстық полиция департаменті аталған іске қатысты еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.

Ал денсаулық сақтау басқармасы 2 адамның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. 1966 және 2001 жылы туған ер адамдар жансақтау бөлімінде. Науқастарға барлық қажетті клиникалық-диагностикалық зерттеулер жүргізілуде.

Ал 1970 жылы туған ер адам амбулаториялық ем қабылдауда.