Павлодарлық спортшы ел чемпионатында Қостанайдан олжалы оралды

Павлодарлық спортшы ел чемпионатында Қостанайдан олжалы оралды
Фото: Әмина Хамитованың жеке архивінен

Әмина Хамитова конькимен жүгіруден жастар арасындағы Қазақстанның жеке-командалық чемпионатында сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жарыс қорытындысы бойынша павлодарлық спортшы бір алтын және үш күміс медаль иеленіп, чемпионаттың ең табысты қатысушыларының қатарына енді. Бұл нәтиже Әмина Хамитованы еліміздің ең мықты жас конькишілерінің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Чемпионат астықты өлке орталығындағы «Технодом Аренада» өтті. Мұз айдынында бірнеше жас санатындағы спортшылар бақ сынады. Сайысқа Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Абай облыстарынан, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларынан келген спортшылар қатысты.

Аталған турнир жас спортшылар үшін үлкен спортқа бастар маңызды кезеңдердің бірі саналады.

Айта кету керек, Қостанай — Қазақстанда конькимен жүгіру жарыстары ашық мұзда өтетін санаулы қалалардың бірі. Мұндай тағы бір арена Алматыдағы «Медеу» жоғары таулы спорт кешенінде орналасқан, алайда ол қазіргі уақытта қайта жаңғыртудан өтуде. Ал елдегі жалғыз жабық конькимен жүгіру кешені — Астанадағы «Алау» мұз сарайы.

Жеке-командалық чемпионат қорытындысы бойынша Қостанай облысының құрамасы 497 ұпаймен бірінші орынды иеленді. Екінші орын Алматы, үшінші орын Астана құрамасына бұйырды.