Павлодарда учаскелік полиция пункттері оңтайландырылды
Санға емес, сапаға мән берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.
Реформа «Полицияның қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы аясында қабылданды.
– Бұған дейін 23 полиция бөлімшесі болған еді. Оңтайландырудың нәтижесінде 16 бөлімшені қалдырдық, кейбір аймақтар біріктірілді. Бүгінгі таңда бір бекетте он шақты полиция қызметкері жұмыс істейді, – дейді Жасқайрат Қайыров.
Сонымен қатар полицейлер әр учаскеге үйлер мен аулаларды қайта бөлуде. Бір инспектор тұрақты түрде учаскелік полиция пунктінде тұрғындардың барлық хабарламалары мен өтініштерін қабылдайды.
Жергілікті полиция бөлімшелерінің мекенжайларын Instagram желісіндегі @dp_pavlodar парақшасынан немесе 102 телефоны арқылы білуге болады.