Павлодар облысында волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді
2025 жылы Павлодар облысында екі мыңнан астам волонтерлік іс-шара өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың жетекші өңірлерінің бірі саналады. Өңірде еріктілік қызметі жүйелі түрде дамып, бүгінде жастардың азаматтық белсенділігін арттырудың маңызды құралына айналған. Соңғы жылдары облыста волонтерлік ұйымдар саны артып, әлеуметтік, құқықтық, экологиялық және инклюзивті бағыттардағы жобалар белсенді жүзеге асырылып келеді.
2025 жылы Павлодар облысында екі мыңнан астам волонтерлік іс-шара өткізілді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылған «Шағын гранттар» байқауы бойынша алты жобаға 500 мың теңгеден қолдау көрсетілді. Гранттар әлеуметтік көмек, құқықтық волонтерлік және «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы экологиялық бастамаларға бағытталды.
Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова өңірде волонтерлік қозғалысты қолдау жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
- Бүгінде Павлодар облысында волонтерлік қозғалыс тұрақты әрі қарқынды дамып келеді. Өңірде 86 волонтерлік және 23 қайырымдылық ұйымы жұмыс істейді. Волонтерлер әлеуметтік қолдау көрсетуден бастап, құқықтық ағарту, экологиялық акциялар, іздестіру-құтқару жұмыстары мен тарихи жобаларға дейін түрлі бағыттарды қамтып отыр. Жастар ресурстық орталықтары жанынан құрылған штабтар еріктілерге тұрақты ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау көрсетеді, – деді спикер.
Оның айтуынша, 2026 жылы облыста волонтерлікті дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылады.
- Биыл халықаралық волонтерлік форум, үш күндік Волонтерлер мектебі, әлеуметтік жобаларға арналған шағын гранттар байқауы, сондай-ақ жастар арасында волонтерлікті насихаттауға бағытталған жасанды интеллект көмегімен түсірілетін бейнероликтер байқауы өтеді. Сонымен қатар, 5 желтоқсанда Халықаралық еріктілер жылының қорытындысы шығарылады, – деді Жаннұр Ахметжанова.
Жыл басынан бері облыстық Волонтерлік орталық 70-тен астам іс-шара өткізіп, 9,5 мыңнан астам адамды қамтыды. «Ulkenge kurmet», «Volunteer Time», «SportDrive», «Zhastar ВДЕЛЕ» секілді жобалар аясында қарттарға көмек көрсету, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында шаралар ұйымдастырылды.
Павлодар облыстық аймақтық фронт-кеңсесі басшысының міндетін атқарушы Тамирис Бесеенова волонтерлік орталықтың өңірдегі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен тығыз жұмыс істейтінін айтты.
- Біз полиция департаментімен, төтенше жағдайлар қызметімен, білім беру ұйымдарымен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Соның нәтижесінде волонтерлер әлеуметтік қолдау көрсетуге, құқықтық мәдениетті арттыруға және жастар арасында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға үлес қосып келеді, – деді ол.
Сондай-ақ спикер инклюзивті және әлеуметтік волонтерлік бағыттағы жұмыстарға тоқталды.
- «VolunteerPVL» жобасы аясында «Ulkenge kurmet» акциясы ұйымдастырылып, жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсетілді. Волонтерлер қарттардың үйлеріне барып, тұрмыстық мәселелерді шешуге көмектесті. Бұдан бөлек, қарттар үйінде арнайы мәдени-ойын-сауық бағдарламалары өткізілді, – деді Тамирис Бесеенова.
Аймақта медициналық және іздестіру волонтерлігі де белсенді дамып келеді. «Қызыл Жарты Ай» ұйымы алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқыту жұмыстарын жүргізсе, «VITA іздеушілері» жоғалған адамдарды іздеуге қатысады. Ал «Майдан жолы» ұйымы тарихи-іздестіру экспедицияларын ұйымдастырып, майдан даласында қаза тапқан қазақстандықтардың тағдырын анықтау жұмыстарымен айналысады.
2026 жыл Халықаралық еріктілер жылы болып жариялануына байланысты Павлодар облысында волонтерлік қозғалысты дамытуға ерекше назар аударылмақ. Өңірде республикалық «Asar Camp» еріктілер слеті, «Ерікті Star» байқауы және халықаралық ынтымақтастық жобалары жоспарланған. Сонымен қатар, Омбы облысымен «Ертіс: достық пен даму өзені» форумы аясындағы серіктестік жалғасады.