Павлодарда заңсыз қоқыс орындарының 95 пайызы жойылды
Рұқсатсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, биыл ғарыштық мониторинг нәтижесінде өңір аумағында 97 заңсыз қоқыс орны анықталған. Оның 93-і тазартылды. Бұл жалпы анықталған нысандардың 95 пайызын құрады. Қалған екі нысан бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
– «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында экология департаменті прокуратура, полиция және әкімдік органдарымен бірлесіп рейдтік шаралар өткізуде. Соның нәтижесінде заңсыз қоқыс үйінділерін жасаудың 13 фактісі анықталды. Оның тоғыз жеке тұлғаға екі миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды, – деді Әсет Сыздықов.
Өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Қазір Павлодар облысында қалдықтарды орналастыруға арналған 321 нысан жұмыс істейді. Алайда олардың тек үшеуі ғана экологиялық және санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді.
Мәселені шешу үшін Ертіс, Тереңкөл, Майқайың және Баянауыл ауылдарында заманауи қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу жоспарланған. Бұдан бөлек, бірқатар аудандарда жаңа полигондар тұрғызу және ескі қалдық орындарын рекультивациялау көзделген.
Экология департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды тиімді басқару бағытындағы жұмысты жалғастырады.
Еске сала кетейік, облыста қоршаған ортаны қорғау бағытындағы мемлекеттік бақылау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.