Павлодар облысында орманды өрттен қорғайтын жүйе қалай жұмыс істейді?

Павлодар облысында орманды өрттен қорғайтын жүйе қалай жұмыс істейді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгінгі таңда «Ертіс орманындағы» өртті дер кезінде анықтайтын жиырмадан астам құрылғы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында орман өрттерін ерте анықтау жүйесі тәулік бойы жұмыс істейді. 2024 жылы енгізілген «Смарт Ертіс» жүйесі өрттің алғашқы белгілерін анықтап, ақпаратты жедел басқару орталығына жеткізеді. Мамандардың мәліметінше, жаңа технологиялар мен өрт сөндіру техникасының көмегімен соңғы үш жылда өрт шарпыған аумақ 97 пайызға азайған.

Орман өрттерінің алдын алу үшін резерват аумағында жоғары жиілікті камералармен және түнде жұмыс істейтін жылу түсіргіш құрылғылармен жабдықталған 23 антенна-діңгекті құрылым орнатылған. 

«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерваты жедел басқару орталығының бастығы Игорь Лощеновтің айтуынша, жүйе өрттің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтап, оның таралуына жол бермеуге мүмкіндік жасайды.

– Камералар тәулік бойы автоматты режимде жұмыс істейді. Олар орман алқабын 360 градусқа шолып, түтіннің алғашқы белгілерін анықтайды. Жүйе дабыл берген кезде операторлар ақпаратты тексеріп, өрттің қай жерде шыққанын анықтайды, –дейді Игорь Лощенов.

Айтуынша, резерват аумағындағы жедел басқару орталығында үш оператор кезекшілік атқарады. Олардың екеуі мониторлар арқылы бейнекамераларды бақылап, жүйеден түскен дабылдарды өңдейді. Үшінші оператор радиостанциялар, телефон желілері және ұялы байланыс арқылы тиісті қызметтермен ақпарат алмасады.

– Өрт белгілері анықталған жағдайда, ақпарат бекітілген алгоритм бойынша басшылыққа және тиісті қызметтерге жедел беріледі. Мәліметтер төтенше жағдайлар департаментіне, инспекцияға және орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің республикалық диспетчерлік қызметіне жолданады. Қажет болған жағдайда өрт сөндіру техникасы оқиға орнына жіберіледі, – деп түсіндірді орталық басшысы.

Бұдан бөлек, резерватта орман алқаптарын патрульдеу үшін алты ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылады. Олар өрт ошақтарын анықтаумен қатар, заңсыз ағаш кесу сияқты құқық бұзушылықтарды бақылауға көмектеседі.

Резерват мамандарының деректеріне сәйкес, 2021–2023 жылдары «Ертіс орманы» аумағында орман өрттері жалпы 2426 гектар жерді шарпыған. Оның 944 гектары орманмен көмкерілген аумақтарға тиесілі болған.

Ал 2024–2026 жылдары өрт шарпыған жердің жалпы көлемі 69 гектарды құрап, оның 39,7 гектары орман алқаптарына тиесілі болды.

Мамандар бұл нәтижені өртті ерте анықтау жүйесінің енгізілуімен және жаңа өрт сөндіру техникасының келуімен байланыстырады. Салыстырмалы кезеңдердегі көрсеткіштерге сәйкес, өрт шарпыған аумақтың жалпы көлемі шамамен 97 пайызға қысқарған.

Өңірде орман өрттерін ерте анықтау жүйелерін енгізуге және қажетті инфрақұрылымды дамытуға «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған. Жоба Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Еліміз бойынша орман өрттерін ерте анықтау жүйелерін енгізуге және оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге барлығы 16,9 миллиард теңге бөлінген.

Жаңа технологиялар орман алқаптарын үздіксіз бақылауға, өрттің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтауға және тиісті қызметтердің әрекетін үйлестіруге мүмкіндік береді. Бұл өрттің кең аумаққа таралу қаупін азайтып, орманды сақтауға бағытталған жұмыстардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.