Павлодар облысында крематор сыналады

Крематорды енгізу жұмыстары жол картасы негізінде жүргізілмек, деп хабарлады @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде мал өлекселерін өртеуге арналған 200-ден астам қарапайым шұңқырды біртіндеп алмастыру көзделуде. Қарастырылып жатқан шешімдердің бірі – Ресейдің Алтай өлкесінде қолданылатын қатты отынмен жұмыс істейтін крематорды сатып алу. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Асылтас Тілеубаевтың айтуынша, биологиялық қалдықтарды осылай жою тәсілі тек экологиялық жағынан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді.
15 миллион теңге тұратын крематор бес сағат ішінде 160 келі көмір жағу арқылы 450 келі салмақтағы ірі қара өлексесін жағып, бар болғаны 32 келі күл қалдырады. Бұл көрсеткіштері бойынша ол инсинераторлардан асып түседі.
– Біз ресейлік әріптестердің тәжірибесін зерттедік, Барнауылда болдық. Крематордың қалай жұмыс істейтінін көрдік – ол инсинераторларға қарағанда тиімдірек. Бізде 22 инсинератор, оның ішінде жылжымалы түрлері де бар. Бірақ олардың пайдалануға жұмсалатын шығыны көп. Жанар-жағармай қымбат, қосалқы бөлшектерді жиі ауыстыру керек. Форсункалар жиі істен шығады, техниканың жарамдылығы төмен. Ал крематор көмірмен, кәдімгі қазандық секілді жұмыс істейді, күтімі де жеңіл, – деді Асылтас Тілеубаев.
Басқарма басшысы атап өткендей, крематорларды сатып алуға қаржы бөлмес бұрын құрылғыны мұқият сынақтан өткізу қажет. Пилоттық жоба Жетекші ауылында жүзеге аспақ – сол жерде крематор облыстық мәслихат депутаттары мен сала мамандарына көрсетіледі.
– Әрине, бір жылдың ішінде барлық қарапайым шұңқырлардан бас тарту мүмкін емес. Бұл үшін шамамен бес жыл қажет. Біз жол картасын әзірлеп, содан кейін ғана ветеринариялық қызметке енгізу туралы шешім қабылдаймыз, – деп толықтырды Асылтас Тілеубаев.
Сонымен қатар, өңірде мал қорымдарын толығымен жабу жоспарда жоқ. Қазіргі уақытта облыста 230-дан астам мал қорымы бар, олардың 33-і – типтік, яғни ветеринариялық-санитарлық талаптарға сай келеді, қалғаны – қарапайым.
Баянауыл ауданының Жаңатілек ауылында және Ертіс ауданының Панфилов ауылында жаңа мал қорымдарын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қазіргі таңда тиісті ведомствоаралық сараптамадан өтуде. Жобалар аудандық құрылыс бөлімдері арқылы жүзеге асырылмақ.