Қоршаған ортаны ластаған Павлодар облысының ірі кәсіпорындары жазаланды
Табиғатқа шамадан тыс нұқсан келтірген өндіріс алыптары айыппұл төлеп, олқылықтардың орнын басты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша экология Департаменті басшысының орынбасары, облыс бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Әсет Сыздықов хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, биыл нормативтерден тыс қоршаған ортаға зиянды шығындылар шығарған Ақсу қазандығына 854 миллион теңге айыппұл тағылды.
- Одан бөлек, наурыз айында Telegram-арналардың бірінде Павлодар мұнай-химия зауытында факелдық қондырғыдан шығындылардың шығып жатқаны туралы ақпарат тарады. Тексерістен соң кәсіпорын 2,4 миллион теңгемен жазаланды. Тамызда бұл жағдай қайталанып, ПМХЗ-ға 1,5 миллион теңге айыппұл тағылды. Қазірде барлық талаптар орындалды, - дейді Әсет Сыздыков.
Сонымен қатар, «Восточный» разрезінде көмір өндіру кезінде шамадан тыс шаң көтерген. Департамент нұсқауымен бұл алып разрез миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды.
Өңір аумағында ҚР ең ірі кәсіпорындардың қатарына кіретін он өнеркәсіптік кәсіпорын қызмет атқарады, олардың өндірістік процесі қоршаған ортаның құрамдас бөліктеріне, әсіресе атмосфералық ауаға айтарлықтай әсер етеді.
2025 жылға облыс бойынша шығарындылар лимиті 901,54 мың тоннаны құрайды, оның ішінде Павлодар қаласы – 225,29 мың тонна, Екібастұз – 386,85 мың тонна, Ақсу – 278,6 мың тонна. 2024 жылы лимит 926,2 мың тонна болған, ал 24,6 мың тоннаға төмендеу соңғы үш жылдағы нақты деректер негізінде лимиттердің белгіленуімен байланысты.
Соңғы жылдары нақты шығарындылар көлемі жылына 700 мың тоннадан артық болған, алғаш рет көрсеткіш 700 мың тоннадан төмендеді. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша нақты шығарындылар көлемі 477,58 мың тоннаны құрады, ал 2024 жылы – 508,0 мың тонна, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,4 мың тоннаға немесе 5,9%-ға аз.