Павлодарда зейнеткер зейнетақысын қайта есептеуді сұрады
Сот уәкілетті органды зейнетақыны тағайындалған кезден бастап қайта есептеп, айырмасын толық төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты зейнеткер Т.-ның зейнетақы төлемін қайта есептеу және бұрын ескерілмеген еңбек өтілін есепке алу туралы талап қоюын қарады.
Іс материалдарына сәйкес, зейнеткер уәкілетті органға жүгініп, зейнет жасына жеткен кезде есепке алынбаған еңбек өтілін қосу туралы сот шешімін ұсынған. Уәкілетті орган оның өтінішін ішінара қанағаттандырып, зейнетақыны қайта есептегенімен, төлемдерді тағайындалған сәттен бастап толық қайта есептеуден бас тартқан.
Мемлекеттік орган өз ұстанымын Ресей Федерациясындағы еңбек өтілі зейнетақыны есептеу кезінде ескерілмейді деген уәжбен түсіндірген. Алайда сот бұл дәлелмен келіспеді.
Сот ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтарының құқықтарына кепілдіктер туралы келісім нормаларына сүйене отырып, азаматтардың зейнетақы құқықтары сақталатынын атап өтті. Сондай-ақ еңбек өтілін растайтын құжаттар мен бұрынғы сот шешімі талап қоюшының Ресейдегі еңбек қызметін заңды түрде дәлелдейтінін көрсетті.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот уәкілетті органның әрекетін заңсыз деп танып, зейнетақыны тағайындалған сәттен бастап толық көлемде қайта есептеп, айырмасын төлеуді міндеттеді.