Павлодарда Ермұхан Бекмахановтың мерейтойына орай ғылыми конференция өтті

Павлодарда Ермұхан Бекмахановтың мерейтойына орай ғылыми конференция өтті
Фото: автор

Оқушылар мен студенттер зерттеу жұмыстарын қорғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғалым, профессор, тарих ғылымдарының докторы Е.Б. Бекмахановтың 110 жылдығына арналған «Қазақтың тұңғыш тарихшы ғалымы» ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Шараға мектеп оқушылары, ұстаздар, студенттер, өлкетанушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. 

– Қатысушылар ғалымның еңбектеріне байланысты өздерінің ғылыми жұмыстары мен мақалаларын паш етті. Бүгінгі шараны жерлесіміздің тарихи жадын сақтау, сондай-ақ, жастарды өз Отанына деген сүйіспеншілікке, патриоттық сезімін ояту мақсатында өткізіп отырмыз. Оған қоса осындай ғылым жолында өсулеріне жол бастаймыз деген сенімдеміз, – дейді музейдің өлке тарихын ғылыми зерттеуін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлжайнат Әлиева.

Бұдан бөлек, музей қорынан архивтік және фотодокументалдық көрме ұйымдастырылды. Атақты ғалымның қолжазбалары, жеке құжаттары және шығарылған кітаптары паш етілді.

Ермұхан Бекмаханов – Абылай ханның жетінші ұрпағы. 1915 жылы Баянауыл жерінде, Жасыбай көлінің бойында дүниеге келген. Сол жерде мектеп бітіріп, Ресей мемлекетінің Воронеж деген қаласындағы педагогикалық институтында тарих факультетін үздік аяқтаған. 

–  Бекмаханов – жас кезінен бастап ғылымға көңіл бөлген адам. Үлкен тарихи деректерді жазған. Өзінің арғы атасы, қазақтың соңғы ханы Кенесары хан жайында материал жазып, қуғынға ұшырады. 1952 жылы ғалымды үкіметке қарсысың, ұлы орыс халқын әшкерелеп отырсың деген мағынада 25 жылға соттап жіберді. Екі жылдан кейін реабилитация жүріп, жоғарыдағыларға  ұлтшыл емес, нақты қазақтың тарихын жазғанын жеткізіп, оны шығарған, – деді өлкетанушы, Е. Бекмахановтың жерлесі Мұхамедқайыр Шәріпов. 

Кейін тарихтан докторлық диссертация қорғаған,  үлкен қызметтер атқарған. Өмірден ерте өтсе де бұл кісінің есімі, ғылыми жазбалары мәңгілік қалды. Бүгінгі өткен ғылыми конференция – соның дәлелі.

Айта кетейік, Ермұхан Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының әртүрлі болуымен, тарихи мәселелерді кең түрде  қамтуымен ерекшеленді. Оның еңбегінің бастысы 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан атты монографиясы болды. Ол осы тақырыпта 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған.