Павлодарда жалған нөмір таққан Range Rover айып тұрағына қойылды
Көлік жүргізушісі жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол талғамайтын көлік бірнеше күн бойы Қайырбаев көшесіндегі автотұрақта мемлекеттік нөмірсіз тұрған. Кейін көлікте нөмір пайда болғанымен, оның талапқа сай орнатылмағаны күдік тудырған.
Құжаттарды тексеру және мәліметтер базасымен салыстыру барысында жүргізушінің көлікке көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін орнатқаны анықталды.
– Көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды, – деді полиция қызметкерлері.
Ведомствода атап өткендей, мұндай заң бұзушылықтар өңірде жиі кездеседі. Жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалану жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Жыл басынан бері өңірде жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдаланғаны үшін 4692 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылған.