Павлодар облысында алиментке қарызы бар жүздеген адам букмекерлік бәс тіккен
Олар ойын шоттарына 600 миллион теңгеден астам қаражат салған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, OLIMPBET букмекерлік кеңсесінің қызметін тексеру барысында алимент бойынша берешегі бар тұлғаларды құмар ойындарға жіберуге байланысты заң талаптарының бұзылғаны анықталды.
«Ойын бизнесі туралы» заң талаптарына қарамастан, алимент бойынша 279 борышкер ойын шоттарын толықтырып, бәс тіккен. Олардың 97-сі алимент төлеуден қасақана жалтарған.
Борышкерлердің ойын шоттарына салған қаражаты 600 миллион теңгеден, ал шығарған ақшасы 415 миллион теңгеден асқан.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді.
– Қадағалау актісін қарау нәтижесінде уәкілетті орган букмекерлік кеңселерді Бірыңғай есепке алу жүйесіне қосу бойынша шаралар қабылдады. Бұл жүйе қабылданған барлық бәстер мен төленген ұтыстарды автоматты түрде есепке алуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар борышкерлердің тізілімдері арқылы клиенттерді тексеріп, оларға қолжетімділікті бұғаттауға мүмкіндік береді, – деп хабарлады прокуратурада.
Қазір Бірыңғай есепке алу жүйесімен интеграция жеті букмекерлік кеңседе, оның ішінде OLIMPBET компаниясында толық аяқталған. Тағы он букмекерлік кеңсе тиісті келісімдерге қол қойған.
Прокуратураның мәліметінше, қабылданған шаралар алимент бойынша берешегі бар және заңмен құмар ойындарға қатысуына тыйым салынған тұлғалардың букмекерлік кеңселерге қолжетімділігін шектеуге мүмкіндік береді.