Павлодарда жалған жүктілік анықтамасымен қамақтан құтылмақ болған әйел әшкереленді

Павлодарда жалған жүктілік анықтамасымен қамақтан құтылмақ болған әйел әшкереленді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Қадағалау шараларының нәтижесінде медициналық құжаттарды рәсімдеу тәртібі қайта қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде жүктілік туралы жалған медициналық анықтаманы қолдану фактісі анықталғаннан кейін құжаттарды рәсімдеу мен беру талаптары күшейтілді.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, осындай құжат мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған әйелге әкімшілік қамақтан жалтаруға мүмкіндік берген. Алайда, прокуратура анықтаманың жалған екенін анықтап, сот шешімімен әйел 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

– Кейін аталған жалған анықтамаға байланысты пара алу және дәлелдемелерді бұрмалау дерегі бойынша кінәлі адам сотталды. Оған 6,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды, – деді прокуратурада. 

Құзыретті орган жалған құжатты пайдалануға мүмкіндік берген себептер мен жағдайларды зерделеді. Соның қорытындысы бойынша қадағалау актісі енгізіліп, бес лауазымды тұлға, оның ішінде екі басшы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұл ретте, медициналық құжаттарды рәсімдеу, есепке алу, сақтау және беру талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді. Электрондық құжаттарға өзгеріс енгізу мүмкіндігі жойылды.

Осылайша, прокуратура бұл іске құқықтық баға беріп қана қоймай, жалған медициналық құжаттарды пайдалануға жағдай жасаған кемшіліктерді жою шараларын да қамтамасыз етті.