Павлодарда кәсіпкерлер сот арқылы әлеуметтік гранттарын қайтаруға мәжбүр болды

Павлодарда кәсіпкерлер сот арқылы әлеуметтік гранттарын қайтаруға мәжбүр болды
Фото: Константин Шелков

Мемлекет пайдасына жеті миллионнан астам қаражат өндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің мәліметінше, өңірде әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді.

Тексеру барысында мемлекеттік гранттарды беру, оларды іске асыруды бақылау және келісімшарттық міндеттемелер орындалмаған жағдайда қаражатты қайтару мәселелерінде сыбайлас жемқорлық белгілері анықталған.

– Облыс орталығының екі кәсіпкері әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін бес және 2,5 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант алған. Алайда олар келісімшарттық міндеттемелерді орындамай, жеке кәсіпкерліктерін жапқан, – деп хабарлады департаментте.

Нәтижесінде сот шешімімен аталған кәсіпкерлерден мемлекет пайдасына 7,5 миллион теңге өндірілді.

Қазіргі уақытта департамент барлық мән-жайды жан-жақты зерделеу мақсатында осы мәселе бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуді жоспарлап отыр.