Павлодарда жаңадан бастаушыларға арналған жасанды интеллект курсы өтеді
Үш күнге созылатын курс цифрлық технологиялар мен заманауи контент жасау құралдарын меңгеруге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, «The Trend Academy» қысқа мерзімді курстар жобасы аясында жасанды интеллект бойынша интенсивті оқыту бағдарламасы басталады.
– Оқыту бағдарламасы 15-17 сәуір аралығында сағат 15:00-ден 17:00-ге дейін өткізіледі. Спикер ретінде сала маманы S. Sharippay қатысып, қатысушыларға нейрожелілермен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын үйретеді, – деді ұйымдастырушылар.
Курстың алғашқы күні ChatGPT, Claude, Gemini және Grok сияқты танымал нейрожелілердің жұмыс істеу принциптеріне арналады. Қатысушылар бұл құралдарды күнделікті өмірде және кәсіби қызметте тиімді қолдану жолдарын меңгереді. Екінші күні ElevenLabs платформасы арқылы дыбыспен жұмыс істеу және шынайы дыбыстау жасау әдістері көрсетіледі.
Қорытынды күні Google AI Labs көмегімен жасанды интеллект арқылы видео генерациялау мәселелері қарастырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, курс барысында теориядан нақты практикаға және дайын құралдарды қолдануға басымдық берілмек.