Солнечный кентінің әкімі сайланды
Бұл қызметке Солнечный кентінің әкімінің орынбасары болған Әлібек Әубәкіров тағайындалды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Екібастұз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 3847 азамат енгізілді. Оның ішінде дауыс берген – 2027. Оның ішінде: есептен шығару куәліктері бойынша – 0, дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде – 32, жарамсыз бюллетеньдер саны – 272, «Барлығына қарсы» белгісі бар - 239.
– Барлығы төрт кандидат өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылды: Ерлан Ақылтаев, Әлібек Әубәкіров, Бахтияр Мырзалиев, Қанаш Рахымбеков. 2023 жылғы 31 наурызда кандидат Бахтияр Мырзалиевке Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты тіркеуден бас тартылды, – дейді сайлау комиссиясында.
Әр кандидатқа берілген дауыстар саны: Ерлан Ақылтаев – 167, Әлібек Әубәкіров – 701, Қанаш Рахымбеков – 648.
Сайлау нәтижесі бойынша Солнечный кентінің әкімі болып Әлібек Әубәкіров сайланды. Ол 1985 жылы туған, Солнечный кентінің әкімінің орынбасары, сол жерде тұрады.