Павлодарда жеке үйден жетпіс мың теңгенің ыдыс-аяғын ұрлап кеткен
Полиция көктемде пәтерлерде ұрлық көбейетінін ескертуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, 27 наурызда полицияға павлодарлық азамат белгісіз біреудің үйіне терезеден кіріп, жалпы сомасы 70 мың теңгеге ыдыс-аяқ ұрланғанын хабарлаған.
- Бір күннен кейін осындай өтінішпен облыс орталығының тағы бір тұрғыны полицияға келіп, металл қақпасынан айырылғанын айтты. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары осы ұрлыққа қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізуде, - деді Павлодар қаласы ПБ басшысы Ермек Әлжанов.
Полицияның хабарлауынша, көктемде дәстүр бойынша саяжай маусымы ашылып, демалыс маусымы басталады. Дәл осы кезеңде тұрғын үйдің қауіпсіздігі күрт төмендейді.
- Жыл басынан бері Павлодар облысының аумағында 30 пәтер ұрлығы тіркелген. Жеке сектор иелері ұрылардың құрбаны бола бастады. Әдетте, олар иелері үйлерінен шығып кеткенде зергерлік бұйымдарды, ақшаны, тұрмыстық техниканы, бау-бақша құралдарын, тіпті ыдыс-аяқты ұрлаумен айналысады, - деді департаментте.
Полицейлер үйден шыққан кезде пәтерлер мен үйлерге кіру құралы болып табылатын терезелерді, балкондарды жабуды ұмытпауды ескертеді. Балаларға бейтаныс адамдарға есік ашуға қатаң тыйым салу керек. Кілттерді жоғалтқан кезде, алдыңғы есіктегі құлыптарды ауыстырыңыз.
Әлеуметтік желілерде абай болыңыз. Көбінесе үй тонаушылар желідегі үй иелерінің парақшаларын қадағалайды, олар қымбат бұйым сатып алғаныңызды, сондай-ақ үйде ешкім жоқтығы туралы біледі. Демалысқа шыққанда, туыстарыңыздан немесе сенетіндеріңізден анда-санда сіздің үйіңізді тексеруді сұраңыз.
Фото: ашық дереккөздерден