Павлодарда сот негізсіз байыған азаматты миллиондарды қайтаруға міндеттеді
Бейтаныс жаннан келген қомақты қаражат иесіне қуаныш емес, сот әуресін ала келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматтық істер жөніндегі алқа бірінші сатыдағы соттың негізсіз баю сомасын өндіру туралы шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Сотта талап қоюшының 2025 жылдың маусым айында жауапкердің банк картасына үш траншпен жалпы сомасы үш миллион теңге ақша аударғаны анықталды. Тараптар арасында ақша қаражатын аударудың шарттық немесе өзге де заңды негіздері болмаған, сонымен қатар тараптар бұрын-соңды таныс болмай шықты.
Жауапкер ақша қаражатын алу фактісін жоққа шығармады, бірақ олардың заңды түрде түскенін дәлелдей алмады. Іс бойынша ұсынылған материалдар талап қоюшыдан жауапкердің шотына ақшалай қаражаттың түскенін толық растады.
Сот алынған қаражат негізсіз баю болып табылатынын және ҚР Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес талап қоюшыға қайтарылуға жататыны туралы қорытындыға келді.
Қаулы заңды күшіне енді.