Павлодарда ғашықтар күніне орай поэзиялық кеш өтті
Кешке қатысушылар өзара сынға түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық жастар бастамаларын дамыту орталығы мен «Құс қанат ғұмыр» әдеби бірлестігімен бірігіп «Қозы Көрпеш Баян Сұлу» күні қарсаңында поэзиялық кеш ұйымдастырды. Кеш барысында жас ақындар өздерінің сезім, махаббат тақырыбында жырлаған өлеңдерін паш етсе, басқа қатысушылар қазақ әдебиетіндегі белгілі тұлғалардың туындыларын оқып берді.
Аталмыш кеш екі бағытта өтті. Біріншісі ақындардың авторлық өлеңдерінен тұрады. Ал екінші бөлімде қалған қатысушылардың өлеңді көрерменнің жүрегіне жеткізе білуімен бағаланды. Бұл жолы қатысушылрдың өнерін көрермен бағалады.
– Жалпы поэзиядағы махаббат тақырыбы әрқашан бағалы. Бүгінгі шарада 20-дан астам қатысушымыз өз өнерлерін көрсетті. Біз «Құс қанат ғұмыр» әдеби бірлестігімен алғаш рет бірігіп шара ұйымдастырудамыз. Алдағы уақытта да аталмыш бірлестікпен көптеген іс-шара ұйымдастыру ойда бар, – дейді жастар бастамаларын дамтыу орталығының қызметкері Жанат Заятов.
Шара соңында көрермендердің таңдауымен екі бөлімнің жеңімпаздары анықталды. Көрермендер өздеріне ұнаған қатысушының нөмірін қағазға жазып, жәшікке салды. Ең көп дауыс жинағандар марапатталды. Ақындардың ішінде топ жарған Ы.Алтынсарин мектеп-гимназиясының оқушысы Бейбарыс Рафаилов болса, екінші бөлімнің жеңімпазы ретінде Марғұлан университетінің студенті Мейір Олжатаева дараланды.