Павлодарлық құтқарушылар күннің ерте жылынуынан қауіп төнетінін ескертті

Павлодарлық құтқарушылар күннің ерте жылынуынан қауіп төнетінін ескертті
Фото: Константин Шелков

Облыста ауа температурасы көтеріліп, жауын-шашын тапшылығы күтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Қайрат Шаймарденов мәлім етті. 

– Қазгидрометтің мәліметінше, биыл жауын-шашын аз болады. Осы демалыс күндері +25...+26 градус жылы деп күтілуде. Сондықтан қызметтер ықтимал өрттерге дайын болуы керек, - дейді Қайрат Шаймарденов.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы облыс ормандарында 207 өрт оқиғасы тіркелген еді. Өрт 3,5 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Сондай-ақ үш мың гектардан астам аумақты қамтыған үш дала өрті орын алды.

Орманшылардың айтуынша, өрттің 75 пайызы найзағайдан болған. 22 жағдайда өрт мемлекеттік орман қоры аумағына тараған. Электр сымдарының үзілуі салдарынан екі өрт орын алды.

Өткен жылы өрттен келген шығын шамамен 240 миллион теңгеге жетті. Тілсіз жаудың саны бойынша облыс антирейтингте болды –жалпы республика бойынша төртінші орында көрінген еді.